Қараша 3, 2021
Мәшһүр Жүсіп жазбаларындағы Баянаула тарихы
Мәшһүр Жүсіп аталмыш еңбегінде елеулі уақиғалардың куәгерлері болған Баянауылдағы жер-су аттарының шығу тарихын төмендегідей
сипаттайды: «Жасыбай асуы» – Жасыбай батырдың қалмақпен соғыста қаза тапқан жері. «Қалмақ қырған» – Олжабай батырдың қалмақты қырған
жері. «Жалаңтөс асуы» – Олжабайдың қалмақ заманында қоныс қылып, қыстаған жері. «Шойынды көл» – Олжабайдан қашқан қалмақтар ыдыс-
аяқтарын бір жерге жинап тастап кеткен. Содан әркім бір нәрсе тауып, солай атап кеткен.
Ал, Баянауыл аталынуына байланысты Мәшһүр Жүсіп: «Сарыбайдың жалғыз қызы Баян сұлудың туған жері Баянаула тауы екен. Сондықтан да
тау аты «Баянаула» аталып қалған», – деп жазады. Кейбір деректерде Баянауылдың Жанбақы жақ беткейінде «Баянды ана» деп аталатын тау
шатқалы бар, тауға қарасаңыз бейне бір ұйқыдағы ана, не болмаса ару бейнесін көргендей боласыз. Осы тау бейнесінің жоғарғы жағында үңгір
бар, үңгірдің ұзындығы 30 метр де, көлденеңі 3-4 метр биік жартасты бойлай біткен. Бұл жаққа келе жатқан адамдар жол-жөнекей ауылдардан
өтіп бара жатқанда бір-бірінен жөн сұрасып, «қайда барасың, жолаушы?» дегенде: «Баянды тауына, иә болмаса, Баянды ауылына», – деп жауап
береді екен. Алғашқысында «Баянаула», кейін «Баянауыл» атанған. Ал, «Баянды ана» бейнесі табиғаттың тылсым сыры ма әлде адамзат
санасының жемісі ме? Ол жағы беймәлім. Ақиқаты «Баян» сөзінің «Баянды» не болмаса «Сұлу» деген мағынада айтылғаны анық. Мәшһүр Жүсіп
те көптеген жер-су аттарын сол Баян сұлумен байланыстырады. Мәселен: «Қарқаралы-Қазылық» – осы қыздың қарқарасы түсіп қалған жерді
осылай атап кеткен, «Домбыралы», «Моншақлы» – домбырасы мен бет моншағы түсіп қалған жері, «Тоқырауын», «Жамшылы» – жамшысы түсіп
қалған жері, «Алтынсандық», «Ақшатау» – сандығы түсіп қалған жер, «Өлеңті» – өлең айтып, той қылған жері, «Жауырбұғы» – аттарының шідері
түсіп қалған жер.
Баянауыл тарихы мен тыныс тіршілігі Мәшһүр Жүсіп мұражайы қызметкерлерінің жіті бақылауында. Болашақта аудан және облыстың тарихи-
мәдени және әдеби мұраларын жинақтай отырып, өлке тарихына байланысты құнды басылымдарды бір арнаға топтастыру, көрмелер
ұйымдастырып және танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру жоспарланған.