РК, Павлодарская область, Баянаульский район, 140300, село Баянаул, ул. Х.Абылгазина 15
Call-center +7(718-40)–92510 Эл.почта bayanpl-27@mail.ru
platonus

Жастарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Кеше Баянауыл көпсалалы колледжінің 40 студенті және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасардың бастауымен топ жетекшілері Баянауыл ауданы С.Торайғыров атындағы мәдениет үйіне барып, құқықтық бағыттағы маңызды іс-шараға қатысты.

Кездесу барысында Баянауыл аудандық пробация қызметінің басшысы, әділет майоры Әлжан Әлібек Бейсенбайұлы және аудан прокуратурасының прокуроры Абдулхамит Нұрбота Ильясұлы 9–11 сынып оқушыларымен және колледж студенттерімен жүздесті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын түсіндіру болды. Кездесу барысында мамандар құқық бұзушылықтың салдары, кәмелетке толмағандардың заң алдындағы жауапкершілігі, буллинг пен агрессияның қоғамға тигізер кері әсері туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді.

Шара аясында тәрбиелік мәні зор деректі фильмдер – «Кітап бетбелгілері емес» және «Хулиганка» көрсетіліп, қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Бұл фильмдер құқық бұзушылықтың алдын алу, саналы таңдау жасау және заңды құрметтеу секілді құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастырып, олардың болашақта жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен бұл іс-шара жастар мен мамандар арасындағы ашық диалог алаңына айналды.

Қорытындылай келе, ұйымдастырылған кездесу өскелең ұрпаққа құқықтық тәрбие беруде және құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды қадам болды. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды шаралар жалғасын табады деп күтілуде.

Халықаралық турнирдегі жүлделі орын

Баянауыл көпсалалы колледжінің «Дәнекерлеу ісі» мамандығының 1-курс студенті Рахимбергенов Ералы спортта да жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Ол 2026 жылдың 26–28 ақпан күндері Астана қаласында өткен «Белбеу күресінен”Қазақстан халқы ассамблеясының жүлдесі үшін күрес фестивалі” аясындағы 2009–2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирге қатысып, жүлделі 3-орынды иеленді.

Аталған додаға Қазақстанмен қатар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан және Тәжікстан елдерінің спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Халықаралық деңгейдегі жарыста бақ сынау – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Ералы осы сыннан сүрінбей өтіп, өз шеберлігін дәлелдей білді.

Жас спортшының жетістікке жетуіне оның жаттықтырушысы Сайлау Еркебұланның еңбегі зор. Ұстазының бағыт-бағдары мен жүйелі дайындығы нәтижесінде Ералы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, колледжіміздің мерейін үстем етті.

Білім мен спортты қатар алып жүрген студенттің бұл жеңісі – жас ұрпаққа үлгі. Колледж ұжымы Рахимбергенов Ералының алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, жаңа жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіреді.