РК, Павлодарская область, Баянаульский район, 140300, село Баянаул, ул. Х.Абылгазина 15
Call-center +7(718-40)–92510 Эл.почта bayanpl-27@mail.ru
platonus

Баянауыл көпсалалы колледжінің студенттері облыстық байқауда жүлделі ІІІ орын иеленді

2026 жылғы 12 маусымда Павлодар қаласындағы «Жоғары түсті металлургия колледжінің» базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында «Металл мен жасанды интеллект диалогы» тақырыбында облыстық инсталляциялар байқауы өтті.
Аталған байқаудың мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру, металл өңдеу өнері мен заманауи цифрлық технологиялардың өзара байланысын көрсету болды.
Баянауыл көпсалалы колледжінің атынан «Дәнекерлеу ісі» мамандығының студенттері Нұрғалиев Елнұр Тельманұлы, Назипов Алексей Сергеевич және Шайдилла Нұрхан Дарханұлы қатысып, «Жасанды интеллект ағашы» атты ерекше инсталляциясын көпшілік назарына ұсынды.
Жұмыс металл құрылымдардан және қайта өңделген автокөлік бөлшектерінен құрастырылып, адамзат пен цифрлық технологиялардың өзара байланысын бейнелейтін көркем композиция ретінде жасалды. Инсталляцияның идеясы мен көркемдік шешімін әзірлеуде жасанды интеллект технологиялары қолданылып, металл өңдеу, инженерлік шығармашылық және цифрлық мүмкіндіктер үйлесімді түрде ұштастырылды.
Студенттердің шығармашылық жобасына арнайы пән оқытушысы Төлеубеков Ерқанат Мұбарақұлы мен өндірістік оқыту шебері Даныбай Саят Зайыркенұлы жетекшілік етті. Жетекшілердің кәсіби қолдауы мен білім алушылардың ізденімпаздығы нәтижесінде жоба жоғары бағаланып, облыстық байқауда жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Бұл жетістік колледж студенттерінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Жеңімпаз студенттер мен жетекшілерді құттықтай отырып, алдағы уақытта да жаңа жетістіктер мен шығармашылық табыстар тілейміз!

Баянауыл көпсалалы колледжі кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жалғастыруда

2026 жылғы 21 мамыр күні Баянауыл көпсалалы колледжінің оқытушысы Е.М. Төлебеков Лекер негізгі орта мектебі мен Ж.Аймауытов атындағы жалпы білім беру орта мектебіне барып, 9-сынып оқушыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында оқушыларға колледждегі мамандықтар, оқу шарттары, студенттерге жасалатын мүмкіндіктер мен заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, талапкерлерге оқу үдерісі, өндірістік тәжірибе, шәкіртақы және студенттік өмір жайлы түсіндірілді.

Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толық жауап алды. Кездесу еркін форматта өтіп, болашақ мамандық таңдауға бағыт-бағдар беруге ықпал етті.