«Еңбек пен Ұстаздық – Ұлы Құндылықтар»!
2025 жыл – ел бойынша «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы – еңбек адамдарының қоғамдағы орнын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Осы жылы «Ұстаздар күнімен» тұспа-тұс келген бұл мереке – қос бірдей ұлы мамандық иелеріне деген құрметтің айғағы.
Осы айтулы күнге орай Баянауыл көпсалалы колледжінің басшысы Асылхан Манарбекұлы жалпы ұжымға жүрекжарды құттықтауын арнады. Ол өз сөзінде:
«Еңбек адамы – елдің тірегі, ал ұстаз – ұрпақтың шырақшысы. Білім мен кәсіпті ұштастырып, жас мамандарды тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіз елдің ертеңін қалыптастырады!» – деп атап өтті.
Ұстаздар мен өндірістік сала мамандарын бірге ұлықтау – болашақ ұрпаққа берілетін тәлім мен тәрбиенің, кәсіби бағыттың мәнін арттыра түсетіні анық.
Баянауыл көпсалалы колледжінің ұжымы бұл құттықтауды үлкен қуанышпен қарсы алып, алдағы уақытта да сапалы білім мен кәсіби шеберлікті ұштастырып, жас мамандар тәрбиелеуге аянбай үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді.