«Менің мамандығым – менің мақтанышым» облыстық қашықтық конкурсының нәтижелері жарияланды
Павлодар облысының ауылдық колледждері 2025–2027 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық іс-шаралар жоспары аясында өткізілген «Менің мамандығым – менің мақтанышым» атты облыстық қашықтық конкурсының нәтижелері 4 желтоқсан күні жарияланды.
Конкурстың мақсаты – аграрлық бағыттағы колледж студенттерінің кәсіби және цифрлық құзыреттерін дамыту, таңдалған мамандыққа қызығушылығын арттыру және цифрландыру жағдайында жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру болды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған байқау талаптарына сәйкес, қатысушылар өз таңдаған мамандығы туралы ұзақтығы 2 минутқа дейінгі бейнеролик дайындады. Студенттер бейнежобаларында мамандық ерекшеліктерін, оның қоғамдағы маңызын, өндірістік дағдыларды және заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктерін көрсетті.
Қазылар алқасы жұмыстарды мазмұн тереңдігі, шығармашылық тәсіл, цифрлық құралдарды қолдану сапасы және мамандықты ашып көрсету деңгейі бойынша бағалады.
Жарыс нәтижелері төмендегідей болды:
- I орын – «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі
- II орын – Шарбақты аграрлық-техникалық колледжі
- III орын – Успенка және Теренкөл аграрлық-техникалық колледжі
- Железинка және Баянауыл колледждерінің студенттері Сертификаттармен марапатталды
Конкурс ауыл шаруашылығы саласындағы мамандықтарды дәріптеуге, жастардың кәсіби бағдарын нығайтуға және аграрлық колледждер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға үлес қосты.