Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіз ел» брэйн-ринг интеллектуалды сайысы өтті
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай колледжде «Тәуелсіз ел» атты мерекелік брэйн-ринг интеллектуалды іс-шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – білім алушылардың тарихи танымын кеңейту, ел тарихына, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, патриоттық сезімін нығайту.
Интеллектуалды сайысқа 6 команда қатысты. Олар:
- Тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығының 1, 2 курс білім алушылары,
- Дәнекерлеу ісі мамандығының 1, 2 курс студенттері,
- Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану мамандығының 2, 3 курс білім алушыларынан құралды.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең – «Жедел сұрақ» капитандар сайысы болды. Бұл кезеңде қатысушылар Қазақстан тарихы, Тәуелсіздік жылдары, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтарға байланысты қойылған сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап беріп, өз білімдерін сынға салды.
Келесі кезеңде «Танымал тарихи тұлғаларды тап» ойыны ұйымдастырылып, командаларға қазақ тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың суреттері ұсынылды. Қатысушылар тұлғаларды танып қана қоймай, олардың ел тарихындағы орнын қысқаша сипаттап өтті.
Үшінші кезең – «Тарихтар сөйлейді» атты сәйкестендіру ойыны. Бұл кезеңде қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы маңызды тарихи оқиғаларды жылдармен дұрыс сәйкестендіріп, терең білімдерін көрсетті.
Ал қорытынды кезең «4 сурет – 1 сөз» ойыны болды. Мұнда төрт сурет арқылы бір ортақ ұғымды табу арқылы қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті мен тапқырлығы сыналды.
Сайыс нәтижесінде жеңімпаздар төмендегідей анықталды:
І орын – ГЭД-22 тобы
ІІ орын – ГЭД-12 тобы
ІІІ орын – ТҰ-22 тобы
IV орын – ҒҚСП-22 тобы
V орын – ТҰ-22 тобы
VI орын – ТҰ-12 тобы
Барлық қатысушы командалар белсенділік танытып, ұйымшылдық пен білімнің жоғары үлгісін көрсетті. Іс-шара соңында жеңімпаздар марапатталып, білім алушыларға алғыс білдірілді.
Бұл интеллектуалды сайыс студенттердің тек білімін арттырып қана қоймай, Тәуелсіз еліміздің тарихын тереңірек тануға, елге деген сүйіспеншілікті нығайтуға зор үлес қосты.
Тәуелсіздік – мәңгілік, елдігіміз – баянды болсын!