«Заң мен Тәртіп» – құқықтық мәдениеттің жаңа бағыты
Қазақстан Республикасында «Заң мен Тәртіп» заңдылық пен тәртіп идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі тұжырымдама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысымен бекітілді. Құжат Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын негізге ала отырып әзірленіп, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Тұжырымдаманың басты мақсаты – заңдылық пен тәртіп қағидаттарын кеңінен насихаттау, азаматтардың құқықтық сана-сезімін арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту. Бұл – құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтырып, әділетті қоғам құруға жасалған маңызды қадам.
Осы тұжырымдама аясында Баянауыл көпсалалы колледжінде студенттер арасында интеллектуалды викторина ұйымдастырылды. Шара барысында білім алушыларға «Заң мен Тәртіп» қағидаттарының негізгі бағыттары түсіндіріліп, құқықтық ұғымдары бекітілді.
Викторина кезінде студенттер өз көзқарастарын білдіріп, тұжырымдама талаптарына сәйкес түрлі өмірлік жағдайларды талдап, оларды шешу жолдарын ұсынды. Ашық пікір алмасу форматында өткен шара мазмұнды да танымдық сипатымен ерекшеленіп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға оң ықпал етті.