«Заң мен тәртіп» – жастар қауіпсіздігінің кепілі
Ағымдағы жылдың 10 ақпан күні аудандық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында құқық бұзушылықтың алдын алу, алаяқтық пен сталкингке жол бермеу тақырыбында кездесу өтті. Шараға Баянауыл көпсалалы колледжінің студенттерімен қатар аудан мектептерінің 9–11 сынып оқушылары қатысты.
Кездесуге аудан прокуроры Руслан Кенжетайұлы Бердисбаев, аға прокурор Нұрбота Ильясұлы Абдулхамит және аудандық полиция бөлімінің басшысы Айгалиев Мурат Тойғасынович қатысып, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары А.Дисюпова жасөспірімдер мен студенттер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және буллингке қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Кездесу барысында 9 ақпан мен 8 наурыз аралығында жарияланған сталкинг пен некеге мәжбүрлеудің алдын алуға бағытталған ақпараттық науқанның басталғаны айтылып, қатысушыларға зорлық-зомбылықтың өзге де түрлерінің алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шара соңында Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының үйлестіруімен түсірілген «Закладчики. Мать» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмде есірткіге тәуелділіктің ауыр зардаптары мен нашақорлық салдарынан зардап шеккен аналардың өмірлік оқиғалары баяндалып, жастарға ой салатын маңызды мәселелер қозғалды.