Заманауи әдіс – сапалы білім кепілі
Баянауыл көпсалалы колледжі оқытушыларының кәсіби дамуы мен жаңашыл тәжірибе жинақтауы – оқу орнының басты басымдықтарының бірі. Мұғалімдердің біліктілігін үнемі арттыру арқылы студенттерге заман талабына сай сапалы білім беруге жол ашылады.
Осы орайда, шет тілдер пәнінің оқытушысы Масакбаева Наталья Маданиетовна 2025 жылдың 6 қазанынан 17 қазанына дейін Павлодар қаласындағы «Инновациялық Еуразия Университеті» базасында өткен біліктілік арттыру курсына қатысты.
Курстың тақырыбы – «Skaffold құралдарын қолдану арқылы оқу сабақтарын жобалау». Бұл бағдарлама аясында оқытушы заманауи білім беру технологияларымен танысып, ағылшын тілі пәнін оқытудағы тиімді тәсілдер мен цифрлық құралдарды қолдану әдістерін меңгерді. Skaffold платформасы арқылы сабақты құрылымдап, білім алушылардың белсенділігін арттыру жолдары тәжірибе жүзінде талданды.
Осындай курстар оқытушының кәсіби өсуіне серпін беріп қана қоймай, білім алушылардың пәнге қызығушылығын оятып, оқу сапасын арттыруға ықпал етеді.
Колледж ұжымы атынан Масакбаева Наталья Маданиетовнаға шығармашылық табыс, үздіксіз даму және жаңа жетістіктер тілейміз!