Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы фестивальде колледж түлегі марапатталды
2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, бұл бастама еңбек адамын қадірлеу мен жастар арасында жұмысшы кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Осы бастама аясында 26 желтоқсан күні Павлодар қаласында Жұмысшы мамандықтар фестивалі өтті. Іс-шараны Павлодар облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырып, өңірдің өндірістік және қызмет көрсету салаларында еңбек етіп жүрген жас мамандарды бір алаңға жинады.
Аталған фестивальге Баянауыл көпсалалы колледжінің түлегі Калиев Бахтияр қатысып, тамақтандыру саласындағы кәсіби жетістіктерін таныстырды. Қазіргі таңда ол тез дайындалатын тағамдар бағыты бойынша еңбек етіп, жеке кәсібін табысты жүргізіп келеді.
Фестиваль барысында Калиев Бахтияр «Жүз Еңбек Жұлдызы» номинациясы бойынша марапатталып, кәсібилігін, өндірістік мәдениетке қосып жүрген үлесін және белсенді өмірлік ұстанымын көрсете білді. Ол алғыс хат пен естелік сыйлыққа ие болды.
Мұндай ауқымды іс-шаралар жұмысшы мамандықтарының маңызын арттырып, жастарды еңбекке, жаңашылдық пен кәсіби дамуға ынталандырады.