ДЕНСАУЛЫҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ: КОЛЛЕДЖДЕ ДЕНСАУЛЫҚ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
2025 жылғы қыркүйек айының 12 күні Баянауыл көпсалалы колледжінде «Денсаулық – зор байлық» ұранымен Денсаулық күні ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ олардың дене шынығуына көңіл бөлуіне ықпал ету.
Шара аясында колледж студенттері мен оқытушылары таңғы гимнастикадан басталған белсенді күнге атсалысты. Одан кейін түрлі спорттық жарыстар өткізілді: шағын футбол, арқан тарту, жеңіл атлетика, қол күрес, гір көтеру сынды жарыстар көрермендерге де, қатысушыларға да көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әр мамандықтан құралған топтар өзара бақ сынасып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында колледж медициналық пунктінің мамандары қан қысымын өлшеу, кеңес беру сынды қызметтер көрсетті.
Колледж директоры Мүбәрак Асылхан Манарбекұлы өз сөзінде: «Біліммен қатар жастардың денсаулығы да біз үшін маңызды. Денсаулық күні – тек бір күндік шара емес, бұл күн өмір бойғы салауатты өмір салтына бастайтын қадам болуы тиіс», – деп атап өтті.
Шара жоғары деңгейде өтіп, студенттер мен ұстаздар арасында жақсы көңіл-күй қалыптастырды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға ынталандыратыны сөзсіз.