«Білім алмасу» шеберлік-сыныбы
«Жұмысшы мамандықтар жылы» және техникалық және кәсіптік білім беру онкүндігі аясында «Баянауыл көпсалалы колледжінде» ерекше форматтағы іс-шара — «Білім алмасу» шеберлік-сыныбы өтті.
Шараның негізгі ерекшелігі — колледж студенттері өз ұстаздары мен қызметкерлеріне арналған шағын сабақтар өткізді.
Аталған шеберлік-сыныпты «Дәнекерлеу ісі» мамандығының студенті Ибрахим Ерхан ұйымдастырып, шеберлігімен көзге түсті. Бұл жоба болашақ мамандардың тек кәсіби біліктілігін ғана емес, сонымен қатар педагогикалық қабілеттерін де дамытуды көздейді.
«Іс-шара мақсаты» — білімнің тек біржақты емес, өзара әрекеттесу арқылы қалыптасатынын көрсету. Студенттер педагогтерге, әкімшілік және техникалық қызметкерлерге 20 минуттық шағын сабақтар өткізіп, заманауи құралдарды (бейнемонтаж бағдарламалары, Gemini , Claude , Canva , GPT, подкаст жазу, TikTok жүргізу және т.б.) үйретті.
Бұл бастама ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, өзара құрмет пен сенімді арттырады. Сондай-ақ студенттердің көшбасшылық қасиеттерін шыңдап, оларды болашақ тәлімгер ретінде қалыптастыруға үлкен үлес қосады.