«Еңбек пен ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге»
Баянауыл көпсалалы колледжінде «Еңбек адамдары» мен «Ұстаздар күні» аталып өтті.
2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында, Баянауыл көпсалалы колледжінде Еңбек адамдары мен Ұстаздар күніне орай ерекше мазмұндағы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – еңбек адамдарын, ұстаздар мен ардагерлерді ұлықтау, жас ұрпаққа өнеге көрсету.
Шағын концерттік бағдарламаны колледж студенттері өз қолдарымен дайындап, сахна төрінде ән мен жырдан шашу шашты. Концертке колледждің инженер-педагогикалық құрамымен қатар, барлық қызметкерлер мен студенттер қатысты. Сонымен қатар, білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер ұстаздар мен еңбек майталмандары да арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Іс-шара барысында колледж директоры еңбек ардагерлері мен ұлағатты ұстаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстап, олардың ел дамуына қосқан үлесіне зор алғысын білдірді. Ұжым атынан айтылған жылы лебіздер мен құттықтаулар кешке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты кеш соңында ардагер ұстаздар мен еңбек ардагерлеріне арналған шағын дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Қонақтар өз ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін арнады.
Мұндай тағылымды шаралар – жастарға тәрбие, ал еңбек адамдары мен ұстаздар үшін үлкен құрмет екені сөзсіз. Баянауыл көпсалалы колледжінің ұжымы алдағы уақытта да осындай рухани-мәдени басқосуларды дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.