Баянауыл көпсалалы колледжінде қаржылық қауіпсіздік диктантына қатысу ұйымдастырылды
2025 жылғы 10–20 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен еліміз бойынша қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант өткізілді. Ауқымды іс-шара азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтықтың алдын алу және көлеңкелі экономикамен күресте халықтың белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Аталған шарадан Баянауыл көпсалалы колледжі де шет қалмады. Колледждің студенттері мен инженерлік-педагогикалық құрамы онлайн форматта диктантқа қатысып, өз білімдерін тексерді. Тест https://amlacademy.kz/finiq нлайн-платформасында өтіп, қатысушылар үш деңгей бойынша сұрақтарға жауап берді.
Іс-шара нәтижесінде колледж ұжымы мен білім алушылары жоғары белсенділік танытып, көптеген қатысушылар сертификаттар мен дипломдарға ие болды. Бұл олардың қаржылық қауіпсіздік бойынша қажетті білімге ие екенін және қаржылық алаяқтыққа қарсы тұру қабілетінің артқанын көрсетті.
Колледж әкімшілігінің айтуынша, мұндай шаралар студенттердің тек кәсіби білімін ғана емес, сонымен қатар өмірлік маңызды қаржылық сауаттылықтарын арттыруда үлкен рөл атқарады.
«Қаржылық сауаттылық – өз қауіпсіздігіңнің кепілі» деген ұстанымды ұстана отырып, колледж алдағы уақытта да осындай маңызды бастамаларға белсенді түрде қатысуды жалғастырмақ.