Республика күніне арналған танымдық кеш
2025 жылдың 24 қазан күні Баянауыл көпсалалы колледжінде 25 қазан — Республика күніне орай танымдық кеш өткізілді. Іс-шараның мақсаты — студенттердің отансүйгіштік рухын арттыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін қалыптастыру және тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін дәріптеу болды.
Кештің басында колледждің өндірістік жұмыстар жөніндегі басшы орынбасары Толеубеков Ерқанат Мубаракович сөз алып, барлық ұжымды және студенттерді алдағы Республика күні мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл күннің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтіп, егемен еліміздің жеткен жетістіктері мен қоғамдағы бірліктің маңызын ерекше атап өтті.
Кеш барысында колледждің тәрбие жұмысы жөніндегі басшы орынбасары Алтаев Қайрат Жұматович студенттерге арнайы дайындаған слайдтық таныстырылымын ұсынып, мемлекеттік Рәміздердің мәні мен мағынасы, сондай-ақ Республика күні мерекесінің тарихы мен идеялық негізі туралы мазмұнды әңгіме жүргізді. Ол Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны — ел егемендігінің, тәуелсіздігі мен тұтастығының айғағы екенін түсіндірді.
Іс-шараға қатысқан студенттер мен оқытушылар еліміздің тәуелсіздігі, ұлттық бірегейлік және елжандылық туралы өз ойларымен бөлісті. Танымдық кеш барысында бейнематериалдар көрсетіліп, сұрақ-жауап форматында шағын талқылау өтті.
Мерекелік кездесудің соңында ұйымдастырушылар студенттерді елдің дамуына үлес қосуға, мемлекеттік құндылықтарды қастерлеуге және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Баянауыл көпсалалы колледжінде осындай іс-шаралардың өткізілуі жастардың бойында патриоттық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға зор үлес қосады.