Баянауыл колледжі спортшылары Павлодар облысының кубогында топ жарды
2025 жылдың 16 қарашасында Павлодар қаласында Павлодар қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен гір тасын көтеру бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы Павлодар облысының кубогында 78 кг салмақ дәрежесінде Баянауыл көпсалалы колледжінің «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығының 3-курс студенттері Серіков Серікжан мен Кутайлаков Дамир жоғары нәтижелер көрсетті.
Колледжге 1-курсқа келген кездерінен бастап спортқа баулу, тәртіп пен жүйелі жаттығу мәдениетін қалыптастыруда колледж оқытушысы Кошанов Ернар Канатовичтың еңбегі зор. Бүгінде спорттық жетістіктерін шыңдап жүрген негізгі тренерлері — аудандық спорт жаттықтырушысы Бердалин Танат Сабитович, жастардың талабын қолдап, талай белесті бағындыруға бағыт-бағдар беріп келеді.
Серіков Серікжан серпе және жұлқа көтеру бойынша 1-орынды, ал Кутайлаков Дамир серпе және жұлқа көтеру бойынша 2-орынды жеңіп алып, колледж абыройын асқақтатты.
Бұл азаматтар тек гір спортында ғана емес, облыстық ат спортының аударыспақ түрінде, ауылдық колледждер арасындағы жүгіру мен мылтық ату жарыстарында, сондай-ақ аудандық баскетбол сайыстарында да жүлделі орындарға ие болып жүрген нағыз көпқырлы спорт саңлақтары.
Жігітке жеті өнер де аз дегендей, олар өздерінің күшін де, ептілігін де, спортқа деген адал еңбегін де дәлелдеп келеді.
Спортшыларымызды шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!