Баянауыл көпсалалы колледжінде «Өз ісінің шебері» сайысы салтанатты түрде ашылды
Баянауыл көпсалалы колледжінде аудандық жастар бөлімімен бірлесе ұйымдастырылған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы «Өз ісінің шебері» атты кәсіби шеберлік сайысының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дисюпова Альмира Амановна арнайы қатысып, жас мамандардың кәсіби дамуына бағытталған бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты шара барысында Альмира Амановна колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттері мен өндірістік шеберханаларды көрді.
Колледж директоры Асылхан Манарбекұлы өз сөзінде оқу орнының тарихына, даму жолына және қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, білім беру мекемесінің алдағы стратегиялық жоспарымен таныстырды. Ол студенттердің кәсіби әлеуетін арттыру, білім беру сапасын көтеру және өндірістік оқытуды қазіргі талаптарға сәйкестендіру бағытында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
«Өз ісінің шебері» сайысы еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті жас мамандарды даярлауға, олардың шеберлігі мен шығармашылығын танытуға мүмкіндік береді. Іс-шара колледж студенттері үшін өз мүмкіндіктерін көрсетіп, кәсіби шыңдалуға үлкен жол ашады.