Баянауыл көпсалалы колледжінің студенттері облыстық байқауда жүлделі ІІІ орын иеленді
2026 жылғы 12 маусымда Павлодар қаласындағы «Жоғары түсті металлургия колледжінің» базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында «Металл мен жасанды интеллект диалогы» тақырыбында облыстық инсталляциялар байқауы өтті.
Аталған байқаудың мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру, металл өңдеу өнері мен заманауи цифрлық технологиялардың өзара байланысын көрсету болды.
Баянауыл көпсалалы колледжінің атынан «Дәнекерлеу ісі» мамандығының студенттері Нұрғалиев Елнұр Тельманұлы, Назипов Алексей Сергеевич және Шайдилла Нұрхан Дарханұлы қатысып, «Жасанды интеллект ағашы» атты ерекше инсталляциясын көпшілік назарына ұсынды.
Жұмыс металл құрылымдардан және қайта өңделген автокөлік бөлшектерінен құрастырылып, адамзат пен цифрлық технологиялардың өзара байланысын бейнелейтін көркем композиция ретінде жасалды. Инсталляцияның идеясы мен көркемдік шешімін әзірлеуде жасанды интеллект технологиялары қолданылып, металл өңдеу, инженерлік шығармашылық және цифрлық мүмкіндіктер үйлесімді түрде ұштастырылды.
Студенттердің шығармашылық жобасына арнайы пән оқытушысы Төлеубеков Ерқанат Мұбарақұлы мен өндірістік оқыту шебері Даныбай Саят Зайыркенұлы жетекшілік етті. Жетекшілердің кәсіби қолдауы мен білім алушылардың ізденімпаздығы нәтижесінде жоба жоғары бағаланып, облыстық байқауда жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Бұл жетістік колледж студенттерінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық әлеуетінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Жеңімпаз студенттер мен жетекшілерді құттықтай отырып, алдағы уақытта да жаңа жетістіктер мен шығармашылық табыстар тілейміз!