РК, Павлодарская область, Баянаульский район, 140300, село Баянаул, ул. Х.Абылгазина 15
Call-center +7(718-40)–92510 Эл.почта bayanpl-27@mail.ru
platonus
18 апреля, 2026

Баянауыл көпсалалы колледжінің студенті аймақтық аспаздық байқауында кәсіби шеберлігін көрсетті

2026 жылдың 17 сәуір Павлодар облысының аграрлық колледждері арасында студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ауқымды кәсіби шеберлік байқауы өтті. Аймақтың ең үздік жас мамандарын жинаған бұл додаға облыстың 7 аграрлық колледжінен үміткерлер қатысып, нақты өндіріске максималды түрде жақындатылған жағдайда өздерінің жоғары дайындық деңгейін, шығармашылық тәсілдері мен еңбекке деген құштарлықтарын паш етті.

Бұл маңызды жарыста Баянауыл көпсалалы колледжінің намысын «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының 1-курс студенті Серикова Самира лайықты қорғап қайтты. Самираның додаға дайындалып, бақ сынауына өндірістік оқыту шебері Кунгожина Зару Камкирбаевна жетекшілік етіп, бағыт-бағдар берді.

Сайыстың бағдарламасы өте тығыз және күрделі болды. Қатысушылар бірнеше конкурстық модульдер аясында келесі тағамдар мен сусындарды дайындап шықты:

  • «Балмұздақ пен құлпынай қосылған сүт коктейлі»;
  • «Тұздалған сёмга балығы қосылған көкөністер салаты»;
  • «Құс етінен жасалған гарнирі мен тұздығы бар отбивной»;
  • «Суши».

Әрбір тапсырма қатаң критерийлер бойынша бағаланды. Қазылар алқасы тағамның дайындалу технологиясының сақталуын, жұмыс орнының ұйымдастырылуын, санитарлық нормалардың орындалуын, сондай-ақ тағамның дәмдік сапасы мен ұсынылу эстетикасын (безендірілуін) жіті қадағалады. Самира бірінші курс студенті болғанына қарамастан, күйзеліске төзімділігін, уақытты тиімді басқару (тайминг) қабілетін және жоғары аспаздық шеберлігін көрсете білді.

Бұл байқау кәсіби дағдыларды көрсетудің, өзара тәжірибе алмасудың және жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттырудың жарқын алаңына айналды. Мұндай іс-шараларды өткізу кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға, оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуға және аграрлық саласындағы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға септігін тигізері сөзсіз.

Колледжіміздің атын облыс көлемінде танытып келген Самираға және оның жетекшісі Зару Камкирбаевнаға алғыс айтамыз! Бұл — үлкен кәсіби жолдың бастамасы. Студентімізге алдағы уақытта жаңа белестер мен үлкен жеңістер тилейміз!

лучший по профессии

slide
slide
slide
slide
slide