Болашаққа хат: Баянауыл көпсалалы колледжінде ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын капсула орнатылды
Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күніне арналған кешенді тұжырымдама аясында Баянауыл көпсалалы колледжінде ерекше маңызы бар мәдени-тарихи жоба – «Болашаққа хат» салтанатты түрде бастау алды. Бұл бастама ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, оқу орнының дәстүрлерін орнықтыруға, сондай-ақ студенттер мен ұжым арасында ортақ мұра мен біртұтастық сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Жобаның негізгі идеясы – білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігін, студенттердің, оқытушылардың, ТжКББ ардагерлерінің, еңбек әулеттері өкілдері мен колледж қызметкерлерінің алдағы 5 жылға арналған арман-мақсаттары мен ізгі тілектерін болашаққа аман-есен жеткізу. Осы мақсатта колледждің басты холлында арнайы герметикалық контейнер-капсула орнатылды. Әрбір қатысушы 5 жылдан кейінгі білім алушыларға арнап өз сәлемі мен жылы лебізін хатқа түсіруге мүмкіндік алды.
Салтанатты шара барысында хаттар салынған капсула ресми түрде жабылып, үстіне оның ашылатын мерзімі – 2031 жыл белгіленді және баршаға көрінетін көрнекті орынға орналастырылды. Сонымен қатар, цифрландыру үрдісіне сай, капсуланың жанында уақыттың кері санағын көрсететін арнайы QR-код орнатылды. Бұл QR-код арқылы кез келген студент пен қызметкер хаттың ашылуына қанша уақыт қалғанын бақылай алады.
Бұл тарихи жоба – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырумен қатар, колледждің кешегісі мен бүгінін, бүгіні мен болашағын сабақтастыратын алтын көпірге айналмақ. 5 жылдан кейін ашылатын бұл хаттар бүгінгі бастамалар мен қол жеткізген жетістіктердің жарқын куәсі болмақ.