Қарттарын қадірлеген ел ардақты: Колледж ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Халықаралық Қарттар күніне орай Баянауыл көпсалалы колледжінің кәсіподақ ұйымы мен тәрбие жұмысы бөлiмiнің ұйымдастыруымен арнайы қайырымдылық акциясы өтті. Шара барысында колледж өкілдері көп жылдар бойы еңбек етіп, білім ордасының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздар мен зейнеткер қызметкерлердің үйлеріне барып, мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында колледж ұжымы мен студенттер атынан ардагерлерімізге ыстық лебіздер білдіріліп, колледж кәсіподағы мен тәрбие бөлiмi атынан дайындалған арнайы мерекелік сыйлықтар мен сый-сияпаттар табыс етілді. Аға буын өкілдері өз кезегінде білім беру саласындағы еңбек жолдарынан естеліктер бөлісіп, жастарға ақ батасы мен ақыл-кеңестерін берді.
Ардагерлерді ардақтау – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастардың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты асыл қасиеттерді қалыптастырудың жарқын үлгісі. Ардагерлеріміз көрсетілген ықылас пен ізгі құрметке дән риза болып, колледж ұжымына өздерінің ақжарма алғыстарын білдірді.