Тақырыбы: Қауіпсіз білім беру ортасы: Баянауыл көпсалалы колледжінде буллинг пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша маңызды кездесу өтті
Идеологема «Заң және тәртіп» аясында және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру шеңберінде Баянауыл көпсалалы колледжінде студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара өтті.
Колледжге арнайы жұмыс тобымен «Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы, жоба үйлестірушісі Ж. Е. Малдыбаева келді. Жұмыс тобының құрамында білікті заңгер А. Агибаев пен психолог М. Д. Тураева болды.
Кездесу барысында студенттерге буллинг, кибербуллинг, сталкинг, алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Психолог М. Д. Тураева студенттермен қызықты ситуациялық ойындар ұйымдастырып, белсенді қатысқан қатысушыларға жекелеген эстетикалық сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, келген қонақтар әрбір студентке естелік ретінде минералды су мен дәптерлер таратты.
Іс-шараға сонымен бірге Баянауыл ауданы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары: полиция аға инспекторы Ильмира Имантайқызы Мекенова мен Ботагөз Жұрсыновна Нұрбекова қатысты. Инспекторлар құқық бұзушылықтың алдын алу мен заңнама талаптары бойынша лекция оқып, студенттерге арнайы ақпараттық буклеттер таратты.
Осындай танымдық әрі интерактивті кездесулер жастардың заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастырып, қауіпсіз білім беру ортасын нығайтуға зор үлес қосады.