November 3, 2021
Бай Ана ауылы – «Баянауыл»
Қазақтың даласы аңыздар мен мифтерге толы. Сол аңыздардың бір тобы қазақтың кең байтақ жерлері мен суларына арналып жатады. Бүгін
назарларыңызға Баянауыл туралы ел аузында жүрген екі аңызды ұсынамыз.
Сонау ерте заманда адамзаттың аз кезінде, құрлықтың саз кезінде, осы төңіректі екі қауым ел мекен етіпті. Күндердің күнінде олар әрі құнарлы,
әрі шұрайлы жерді көріп, «мен алам да, мен алам» десіп, таласқа түседі. Оқиғаның арты дауға айналып, екі ел жауласа бастайды. Халқымыз
«Бірлік түбі – тірлік» деп тегін айтпаған ғой. Сол елдің бірінде жан сұлулығы мен тән сұлулығы жарасқан көптің құрметіне бөленген ақ жаулықты
Ана өмір сүріпті. Ақылдылығын, даналығын сыйлаған ел-жұрты оны Бай Ана деп атапты. Екі ауылдың игі жақсылары бас қосқан кезде Бай Ана
келіп ұсыныс жасаған екен дейді:
– Бірлік бітімнен туындайды, дау мәмілеге келмесе дамайға ұласады, жаяу жарыс жасаңдар, балуан күрес қылыңдар, жамбы тігіп атыңдар. Жер
жеңгендікі!
Екі жақ осыған бәтуаласып, айтқанын орындаса да, тең түсе беріпті. Жаяу жарыс, балуан күрес, жамбы атудан бірін-бірі жеңе алмапты. Көп
күндер өтеді. Көпшілік қалжырап, шаршайды. Тағы да кеңес қылады. Ақыры Бай Ананың алдына келіп:
– Уа, Бай Ана! Егіз жатқан екі ел едік. Жер дауының жетер шетін таппадық. Біздің байлам – мынау. Осы жерді өзің қоныстан. Бұл сенің – Бай
Ананың ауылы болсын, – депті. Сөйтіп Бай Ана осы өлкеге орналасыпты. Содан бері, көпшілік бұл жерді Бай Ана ауылы – «Баянауыл» деп атап
кетіпті.