Салауатты өмір салты — болашақ кепілі: колледжде АИТВ/ЖИТС профилактикасы бойынша кездесу өтті
24 қараша күні Баянауыл көпсалалы колледжінде колледж медбикесі Н.А. Мукашеваның ұйымдастыруымен маңызды танымдық кездесу өтті. Іс-шара 20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтетін Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған ақпараттық науқан аясында өтті. Кездесуге АИТВ инфекциясының профилактикасына жауапты дәрігер Акимбекова Нұргүл Азатбековна арнайы келіп, студенттерге мазмұнды әрі пайдалы ақпарат берді.
Шараға колледждің 1-курс студенттері қатысты. Кездесу барысында дәрігер АИТВ және ЖИТС-тің алдын алу жолдары, жеке бас гигиенасы мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ «ЖИТС-ті жеңу қолжетімділікті қамтамасыз етуден басталады» тақырыбы аясында медициналық көмек пен ақпараттың әрбір адамға қолжетімді болуының мәні атап өтілді.
Кездесу еркін әрі ашық форматта өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты әрі толық жауап алды. Мұндай кездесулер жастардың денсаулығын сақтауға, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және өз өміріне жауапкершілікпен қарауға зор ықпал етеді.