Құрылысшы – ел болашағын жасайтын маман
Павлодар облысы білім беру басқармасының Еңбек күнін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының 13-тармағына сәйкес, Баянауыл көпсалалы колледжінде «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығының ҒҚСП-32 тобында «Құрылысшы – ел болашағын жасайтын маман» тақырыбында танымдық сынып сағаты өтті.
Іс-шараны өндірістік оқыту шебері К.М. Масакбаев ұйымдастырды. Сынып сағатының басты мақсаты – студенттердің таңдаған құрылысшы мамандығына деген қызығушылығын арттыру, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы ролі мен маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ бойларында жауапкершілік, кәсіби шеберлік және еңбек мәдениетін қалыптастыру болды.
Шара барысында студенттер құрылыс саласының даму тенденциялары, өндірістік тәжірибенің маңызы мен еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселелерін талқылады. Өндірістік оқыту шебері К.М. Масакбаев сапалы салынған әрбір ғимарат елдің өркендеуіне қосылған үлес екенін атап өтіп, студенттерді өз ісінің білікті де бәсекеге қабілетті маманы болуға шақырды.